Бүгін Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында қырғыз еліне танымал, оппазициялық құқық қорғаушы Ондуруш Токтонасыров Қырғыз Жоғарғы кеңесі ғимаратының алдында Беларусь Президенті Алексендр Лукашенконың фото суретінен жапсырылған қуыршақ қарақшыны өртеген. Бұл туралы "Қамшы" порталы "Азаттықтың" қырғыз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қырғызстанның белгілі оппазиционері, құқық қорғаушы Токтонасыров бұған дейін де бірнеше мәрте, Бішкектегі Беларусь елшілігі ғимараты алдында наразылық акцияларын ұйымдастырған. Ол бұл әрекеті арқылы Минскіден Қырғызстанның бұрынғы Президенті, саяси құғындағы Құрманбек Бакиевті экстрадицияялауды талап еткен.
Естеріңізде болса, Құрманбек Бакиев 2010 жылдың көктемінде қырғыз елі жаппай наразылық танытып, шеруге шыққан кезде Беларусьияға қашып кеткен болатын. Ал Қырғызстанда бейбіт шеруге шыққандарға қарсы оқ атуға бұйрық бергені үшін Бакиевке қатысты сырттай үкім шығарылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешім күшіне енген болатын.
Нұрзат Тоғжан